Мәскеуде қазақша күрестен ашық турнир өтті

Жарысқа Мәскеудегі 14 жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 60 қазақстандық студент қатысты.

Алты салмақта және абсолюттік салмақтағы «түйе балуандар» санатында өткен жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен марапатталды.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі Ахат Арғыновтың хабарлауынша, шараны ұйымдастырудағы мақсат - Мәскеуде тұрақты тұратын немесе оқып жатқан қазақстандық жастардың басын біріктіру болған. Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған турнир, жастар арасында қазақша күресті кеңінен таныстыру ісіне үлкен үлес қосып келеді.

«Бүгінгі жарыс Елбасы Н.Назарбаевтың кезектен тыс сайлаудағы жеңісіне және Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесінің 20 жылдығына арналды. Келешекте біз қазақша күрестен халықаралық турнир ұйымдастыруды, оған алыс және жақын шетелдерден балуандар шақыруды жоспарлап отырмыз», - дейді А.Арғынов.

Мәскеудегі турнирді «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы орталығының Мәскеудегі өкілдігінің, «Алаш жастары» қоғамдық бірлестігінің, Қазақстан елшілігінің және «Мәскеу қаласындағы Қазақша күрес федерациясы» қоғамдық ұйымының қолдауымен Қазақстан жастарының «Сұңқар» одағы ұйымдастырып отыр.