Мәскеуде қазақтың лирикалық поэзиясына арналған шығармашылық кеш өтті

Мәскеудегі Орталық әдебиетшілер үйінде А.Құнанбаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, О.Сүлейменовтың және басқа да ұлы қазақ ақындарының мәңгілік туындылары оқылды.

Нұрсұлтан Рейімхан, Әділет Рақымбаев, Нұрқанат Молдахан Перизат Ярлықасынова және Бақытгүл Ахметқалиева секілді жас әрі дарынды актерлар классикаға айналған аталмыш ақындарының әйгілі туындыларын шын жүрегімен беріліп оқыды. Жыршы Бекболат Тілеухан кештің бағдарламасын байытса, Абайдың «Көзімнің қарасын» қазақ тілінде орындаған Қазақ ССР-дың мәдениет саласында еңбегі сіңген қараткері Татьяна Полтавскаяның шеберлігі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Лирикалық-поэзиялық кештің қойылымын ҚР еңбегі сіңген қайраткері, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна тілі кафедрасының меңгерушісі - Дариға Тұранқұлова жасады. Іс-шараға Мәскеудегі Қазақ диаспорасының, оның ішінде «Мұрагер» және «Қазақ тілі» атты қазақ мәдениеті қоғамдарының мүшелері, мәскеудің жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер, Ресей елордасында орналасқан ҚР ұлттық компаниялары филиалдарының өкілдері, және сүйікті ақындарының туындыларын естегісі келген басқа да отандастарымыз қатысты.

Орталық әдебиетшілер үйін 30 жыл бойы басқарып келе жатқан Галина Максимованың айтуы бойынша, осы секілді іс-шаралар оның еңбек тәжірибесінде әдебиетшілер үйінде алғашқы рет өткізілуде және бұл кеш көркем сөздің танушыларына ұмытылмас іс-шараға айналғаны сөзсіз.