Мәскеуде ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтуде

Отырысты РФ СІМ Сергей Лавров ашты. Ол ТМД-ға қатысушы елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы 26-тамызда Қазанда өтетін ТМД мемлекет басшылары кеңесінің бас қосуы қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшылары кеңесінің бас қосуы Қазан қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар аясында өткізілмекші.

"Бүгінгі кеңес барысында Достастық аясындағы көп жақты ықпалдастыққа қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылау көзделіп отыр",- деді РФ СІМ. "ТМД органдарын жаңалау және жетілдіруге қатысты мәселелер қаралатын ең басты тақырыптардың бірі",- деді ол.
Сонымен бірге гуманитарлық және әлеуметтік мәселелер топтамасын қарау межеленген. "ТМД елдерінің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасын талқылауға да айрықша маңыз беріледі. Онда ұзақ мерзімге есептелген ықпалдастықтың басым бағыттары, принциптері мен түр-сипаттары айқындалады",- деді С.Лавров.
Сонымен бірге бүгінгі отырыстың күн тәртібінде Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 20 жылдығына және БҰҰ-ның 60 жылдығына орай
мемлекет басшыларының ТМД -ға қатысушы елдердің халықтары мен бүкіләлемдік қауымдастыққа арнап жасайтын мәлімдемесінің мәтінін талқылау, 2006-жылды ТМД жылы деп жариялау туралы шешімді талқылау көзделіп отыр.