Осындай форум өткізу туралы шешім былтыр Қазанда өткен саммитте шығармашы және ғылыми зиялы қауымы өкілдерінің Достастық мемлекет бсшыларына жасаған өтінішіне сәйкес қабылданған болатын. Форум туралы идеяны ТМД үкімет басшыларының кеңесі қолдап, оны ТМД жылына арналған шаралардың тізіміне енгізді.
Форумның басты мақсаты - зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне, ұлттық және діни төзімсіздікке қарсы күресте гуманистік мұрат-мүдделердің негізінде қоғамды біріктіру болып табылады.
Алқалы жиынға қатысушылар көп жақты гуманитарлық ынтымақтастықты жаңаша деңгейге көтеруге бағытталған нұсқаулар жобасын жасауға тиіс. Олар ТМД-ға қатысушы елдердің үкіметтері мен Достастық мекемелеріне жолданады.
Бұл шараға қатысуға ТМД-ға қатысушы елдердің білім беру, ғылыми және мәдени қоғамдастықтарынан 500-дей, тек Ресейдің өзінен 200-дей өкіл ниет білдіріп отыр. Шараға жазушылар, академиктер, ғылыми қызметкерлер, актерлар, режиссерлар, продюсерлер мен білім беру қызметкерлері қатысады деп күтілуде.
Форум жалпы отырыс және секциялық жұмыстар түрінде ұйымдастырылады. Секциялар гуманитарлық саясаттың мынадай бағыттары бойынша жұмыс істемек: мәдени мұра (мұрағаттар, кітапханалар, мұражайлар); білім беру және жастар; ғылым және технологиялар, әдебиет және кітап шығару, театр, кино, цирк өнері, көркемсурет өнері, сәулет өнері, дизайн, БАҚ.
Форумға қатысушылардың назарына алты түрлі көрме экспозициялары ұсынылады.