Мәскеу-Петрозаводск әуе рейсі апатқа ұшырады

Мәскеуден шыққан ұшақ Карелия Республикасының астанасы Петрозаводск каласының әуежайына  бір шақырым ғана жетпей құлаған. Жақын маңдағы тұрғындар ірі апаттан кейін жанып жатқан әуе кемесін камераға түсіріп алыпты. Зардап шеккен жолаушыларға құтқарушылар келіп жеткенше, солар қол ұшын созыпты.

Куәгер:

- Оттың ортасынан  бес адам алып шықтық. Маған кездейсоқ кезіккен  екі   куәгер көмектесті. Өртенген ұшақтың арасынан тағы бір адам қолын созған еді, үлгермедік.... жарылып кетті.

Осылайша бортта болған 52 адамның тек 8-і ғана аман қалыпты. Сондай-ақ жолаушылар арасында 8 бала болған. Олардың да тек біреуі ғана тірі қалған.

Каролина Альбер, Петрозаводск жедел жәрдем станциясының мейірбикесі:

- Алғаш болып зардап шеккен  бес  адамға дәрігерлік көмек көрсеттік. Жалпы 8 адам аман қалған. Олардың арасында  он  жастағы Антон есімді бала да бар. Олардың барлығы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Жалпы апат орын алар сәтте өңірде ауа райы қолайсыз болыпты. Бірақ куәгерлер ұшақ әуежайға жете берісте «күрт құлдилап барып, жерге соғылды»  дейді. Сондықтан тергеушілер төтенше жағдайдың қос бірдей себебі болуы мүмкін деп отыр. Ал жергілікті билік қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына қажетті көмекті толық  көрсетеміз деп мәлімдеді.


Валентина Улич, Карелия Республикасының денсаулық сақтау министрі:

-  Барлық көмек көрсетіліп жатыр. Зардап шеккендердің туыстарына психологтар жәрдемдесуде. Сондай-ақ Мәскеуден  зардап шеккендердің туыстарына арнайы рейс жасалды. Материалдық көмек те көрсетіледі. Оқиға орнын тексеру үшін Мәскеуден тергеу комитетінің басшысы келеді.

Қаза тапқан 44 жолаушының  төртеуі -  шетелдіктер. Олардың  екеуі  Украина, қалған екеуі Швеция мен Нидерланд елдерінің азаматтары. Карелия ұшақ апатына қатысты  үш  күн бойы аза тұтпақ.