Матаевқа тиесілі ұлттық баспасөз клубы қиратылып жатыр

Алматыда Фурманов көшесінде орналасқан ұлттық баспасөз клубы қиратылып жатыр.

Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады. Ғимаратты бұзу үшін бірнеше арнайы техника таңертеңнен бастап әкелінген. Осының салдарынан Фурманов көшесі бойында түске дейін көлік кептелісі орын алды. Ал қазір клубтың ішін жұмысшылар үлкен құралдармен ұрып бұзып жатыр.

Мәліметтерге қарағанда ғимарат Алматының ауданаралық мамандандырылған сотының шешімі бойынша қиратылуда. Бұзу туралы шағымды Алматының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы берген көрінеді.

Ұлттық баспасөз клубының басшысы, Асқар Матаевтың ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, аталған мүлікке шектеу қойылған. Мұндай кезде оны бұзу заңсыз.

Еске сала кетсек, ұлттық баспасөз клубының ғимараты Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевқа тиесілі. Ал С. Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевқа сәуір айында салықтан жалтарды және бюджет ақшасын жымқырды деген айып тағылған болатын. Матаевтарға қатысты сот бүгін Астананың Есіл аудандық №2 сотында өтіп жатыр.