Аталмыш туында Қазақстан кинотеатрларының барлығында көрсетіледі деп жоспарланған. Оған 16+ жас шектеуі қойылады.
Жаңа Боратқа айналып кете жаздаған кинотуынды туралы саясаттанушы Расұл Жумалы Сaravan.kz медиа-порталына өз ойын білдірді.
"Осы дау-дамайдың жоғары деңгейде талқылануы әлі де біздің солтүстік көршімізге қарайлай беруіміздің айқын айғағы болып тұр.
Бұл жанжал ресейлік Поклонская, Михалков секілді "саясаткерлердің" кинотуындыға тыйым салу туралы мәлімдемесінен шыққан болатын. Ақылдары жетпегеннен, олар бұл жайттан өздеріне жақсы рейтинг жасап алды. Ал бізде, бәріміз білетіндей цензура жоқ. Әр адам белгілі бір фильмді көру немесе көрмеу туралы шешімді өзі қабылдауы тиіс", - дейді саясаттанушы.
Расул Жұмалы, сонымен қатар, "Матильданы" кезінде елімізде атышулы болған Боратпен салыстырды.
"Естеріңізде болса, Борат фильмі шыққан кезде, біздің шенеуніктер бірден оған тыйым салу туралы бастама көтерген болатын. Ақыры кері нәтиже шықты: Боратты көрмеген қазақ жоқ. Бәлкім сол кезде, оған қатты көңіл аудармаған жағдайда, айтарлықтай деңгейде жанжал да шықпас еді.
Білуімше, мына "Матильда" фильмінде қорқатындай еш нәрсе жоқ. Басқалар тыйым салып жатыр екен деп біз де фильмге бөгет қоятын болсақ, керісінше, жасанды қызығушылық тудырамыз. Өткен қателіктерден сабақ алуымыз керек. Қазіргі ғаламтор дамыған заманда ешқандай тыйым салу көздеген нәтижеге алып келмейді. Оның үстіне белгілі бір идеологиялық көзқарастар бойныша мәдени туындыларға тыйым салу - заңға қайшы нәрсе", - деп ойын түйіндеді саясаттанушы.
Айта кетейік, «Матильда» драмасында Цесаревич Николай Александрович пен балерина Матильда Ксезинскаяның қарым-қатынасы туралы баяндалады.
Мақала авторы: Сырым Иткулов