Басқарманың мәліметтеріне қарағанда, халықаралық FILA федерациясы өткен жылы Сингапур қаласында өткен Жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарынан соң өзінің күнтізбесіне 15-16
жас аралығындағы спортшылар арасында өтетін әлем біріншілігін енгізуді жөн санапты. Қазіргі таңда аталмыш спорт түріне қызығушылық өте жоғары. Спорттық бәсекеге 50 елдің өкілінің қатысуға ниет білдіруі осының айғағы. Қазақстандықтар ол бәсекеге барлық күрес түрлерінен барлық салмақ дәрежелері бойынша қатысады.
23-ші тамызда алғашқы марапаттаулар «бәйгеге» салынған болатын. Алғашқылардың бірі болып, 42-50-58-69-85 келі салмақтағы еркін күрес палуандары шықты. Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлде - күміс медальды 42 келі салмақ бойынша күрескен Азамат Тойбек салды. Екінші қола медальды 69 келіде сайысқа түскен Азамат Дәулетбеков алды. Ал 50 келі салмақта күрескен Қуат Әміртаев пен 58 келі тартатын Мадияр Бурхан және Бақдәулет Әлментай жарыстан тыс қалды. Бүгін, 24-ші тамыз күні кілемге өзге салмақтағы палуандар шығады. Қазақстан құрамасынан бүгін 46 салмақтағы Владимир Кудрин, 54 салмақтағы Құралбек Омарбеков, 63 келідегі Ілияс Жұмай, 76 келідегі Әкбар Елубайұлы өнер көрсетеді. Ал қыздар арасында өтетін финалдық жарыс 25-26 тамыз күндері өтеді. Сондай-ақ 27-28 тамыз күндері грек-рим стиліндегі күрестің жеңімпаздары анықталады.