Мәжіліс "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2007 жылға арналған республикалық бюджет мынадай көрсеткіштермен бекітілген болатын : кіріс бөлігі - 2 трлн 098,2 млрд теңге, жалпы шығындар - 2 трлн 369,4 млрд теңге. Бюджет тапшылығы 271,2 млрд теңге, немесе 2007 жылға межеленген Жалпы ішкі өнімнің 2,2% көлемінде.

Ал 16 қазанда өткен үкіметтің отырысында республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына қол қойды. Ондағы көрсеткіштер мынадай : түсімдер 2 трлн 273,3 млрд теңге ( Жалпы ішкі өнімге шаққанда 17,1%), шығыстар 2 трлн 503 млрд теңге (Жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,8%), тапшылық 229, 6 млрд теңге (жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,7%).

"2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында ағымдағы жылға арналған Жалпы ішкі өнімнің номиналдық көлемінің болжамы бұған дейінгі жоспармен салыстырғанда 851 млрд теңгеге ұлғайтылды, соның нәтижесінде Жалпы ішкі өнімнің номиналдық көлемі 13, 315 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. "Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бюджет түсімдері осы жылға арналған жоспардан 7,7 %-ке асыра орындалған, сол себепті бюджеттің кіріс бөлігін 175,1 млрд. теңгеге нақтылау ұсынылды.

Салық түсімдері 89 млрд теңгеге, экономикалық өсімнің есебінен 14,7 млрд. теңгеге және сыртқы сауда айналымының есебінен 32,4 млрд. теңгеге, сондай-ақ, жазылатын бонустар бойынша бір мәрте түсімдердің есебінен 32,5 млрд. теңгеге және абсқа да факторлардың есебінен 9,3 млрд теңгеге артады.

Салық емес түсімдер 80,8 млрд теңгеге, соның ішінде мүлікті заңдастыру үшін жиналатын алымдардың есебінен және басқа да бір мәртелік түсімдерден 73, 3 млрд теңгеге артпақ.

Сыртқы және ішкі несиелік рынокта қалыптасқан ахуалға байланысты үкіметтің несиелерінің көлемін азайту үшін бюджет тапшылығы 41,5% млрд теңгеге қысқартылды. Сөйтіп, бюджеттің шығыс бөлігінде таратылатын жалпы қаржы көлемі 155, 7 млрд теңгені құрады.

Бұл қаржы "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" АҚ-ның (20,5 млрд теңге), "Қазақстанның ипотекалық ипотекалық несиелерге кепілдік беру қоры" АҚ (1 млрд теңге), "Самғау" АҚ (12,2 млрд теңге), сондай-ақ, ""Қазына" Тұрақты даму қоры" АҚ (122 млрд теңге) шығындарын арттыруға жұмсалады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті