Мәжіліс әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді мақұлдады

"Заң жобасы Қазақстан президентінің 2007 жылдың 28 ақпанындағы ел халқына арнаған жолдауының әлеуметтік блогын жүзеге асыру аясында жасалған",- деді заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Атап айтсақ, оның сөзіне қарағанда, заң жобасында зейнетақы көлемін есептеуде ескерілетін кіріс деңгейінің ең жоғары шегін көтеру есебінен зейнетақы қамтамасыздығы деңгейін көтеру қарастырылған. "Қазіргі таңда шектеу 15 айлық есептік көрсеткіш шамасында белгіленген. Бұл көрсеткіш 25 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады", -деп түсіндірді Б. Сапарбаев.

Сондай-ақ, 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдаймен зиянды және ауыр еңбек жағдайындағы жұмыстарда қажетті еңбек өтілін жинап үлгерген адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (Тізім №2) енгізіледі.

Балалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар мөлшерін ұлғайту есебінен, жүктілік, босану мен жұмыс істейтін әйелдердің ана болуын міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу есебінен ана мен баланы әлеуметтік қолдау жүйесі одан әрі дамытылады.

"Жалпы алғанда заңды жүзеге асыру құны 44,7 млрд теңгені құрайды, ол 2008 жылға арналған республикалық бюджет жобасында көзделген", -деді Б. Сапарбаев.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті