Мәжіліс бәсекелестікті қорғауға бағытталған заң жобасын үкіметке қайтарды



Атап айтқанда, үкімет бәсекелестікті қорғау бағытында үш деңгейлі жүйе құруды ұсынған. Ұсыныс бойынша оған орталық мемлекеттік мекеме мен оған бағынышты аумақтық мекемелер мен әкімдерге бағынышты облыстық атқару органдары енуге тиіс.
"Жұмыс тобы мен комитет үкімет ұсынған заң жобасының тұжырымдамасымен келіскен жоқ",- деді жалпы отырыста мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалинов.
"Біздің тұжырымдамамен келіспеу себебіміз, ұсынылған жобаға сәйкес индустрия министрлігінің құрамындағы комитет орталық уәкілетті орган болып саналады. Ал үкімет туралы Конституциялық заң бойынша , орталық уәкілетті мекеме мәртебесіне тек министрліктер мен агенттіктер ғана ие болуға тиіс",- деді Ш.Оразалинов.
Сонымен бірге депутаттардың пікірінше, үш деңгейлі жүйе құру нәтижесінде функциялар қайталанатын болады, демек ол - тиімсіз.
Осыған байланысты мәжіліс үкіметке уәкілетті орган ретінде не министрлік немесе агенттікті айқындап, заң жобасынан әкімдерге бағынатын облыстық құрылымдарды алып тастау арқылы екі деңгейлі жүйе қарастыруды ұсынды.
Депутаттар өздерінің ұсыныстарын ескеру негізінде заң жобаларын парламентке қайтадан ұсынуға кеңес берді. "Толықтырылған заң жобаларын біз бір аптадан кейін де талқылай аламыз",- деді Ш.Оразалинов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті