Жүздесулер барысында халық қалаулылары Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын халыққа жан-жақты түсіндіруде, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметінен.
Депутат Ерсұлтан Бектұрғанов Павлодар облысының Баянауыл ауданында болды. Жергілікті тұрғындар одан аудан орталығының инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен қаржы бөлуге және туризмді дамыту мақсатында Павлодар - Баянауыл - Қарағанды бағытындағы тас жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуді сұрады.
Бұл күні Айгүл Нуркина мен Мейрам Бегентаев Павлодар қаласының студенттерімен кездесіп, Елбасы Жолдауында белгіленген басым бағыттарды талқылады. Қос депутат жастарға қазақстандық ғылым мен дуальді білім беру жүйесін дамыту бағытында белсенділікті арттыру керектігін айтты.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысына барған депутат Қожахан Жабағиев аймақ кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың «Бизнестің жол картасы -2020» және «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламаларына белсене араласуына зор мүмкіндік жасалғанын айтты.
Ал ақтөбелік сайлаушылармен жүздескен Нұрлан Назылбеков өз кәсібін ашып, соның нәпақасын көруге ынталы жұртқа кеңес берді. Жолдауда айтылған кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді кеңінен талқылап, медициналық мекемелер ұжымдарының алдында сөз сөйледі. Сондай-ақ ол «Тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалындағы кездесуде жекелеген адамдардың қолжетімді баспанаға ие болу жағдайларымен танысты.
Сондай-ақ бұл күні депутат Гүлмира Исімбаева Алматы қаласында Алатау ауданының тұрғындарымен кездесіп Жолдау төңірегінде әңгіме өрбітті.
Петропавл қаласына табан тіреген депутат Абай Тасболатов пен Ромин Мәдинов қалада жаңадан ашылған «Зенченко және К» сүт зауытының басшылығымен және ұжымымен кездесіп, халықты толғандырған сауалдарға жауап берді.
Басқа әріптестері сияқты Ұласбек Сәдібеков те аймаққа аттанған-ды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында бірқатар кездесу өткізді. Депутат Сәдібеков сайрамдықтардың халықты әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтарына жауап берді.