Заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосыновтың айтуынша, "заң жобасының басты мақсаты - Қазақстан Республикасында аралық соттардың іс-қызметін ұйымдастыруға нормативтік-құқықтық база қалыптастыру, сондай-ақ, аралық соттардың шешімін орындау тәртібін белгілеу болып табылады".
Оның айтуынша, қабылданған жағдайда "заң жобасы заңды және жеке тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық келісім-шарттарына байланысты туындаған дау-дамайларды реттеуде қолданылатын болады".
С.Бекбосыновтың айтуынша, дау-дамайларды аралық сот институттарында қарау үрдісін дамытудың өзектілігі "бірінші кезекте, азаматтық-құқықтық келісім-шарттарына байланысты туындаған дау-дамайларды реттеудің баламалы әрі озық институты ретінде аралық соттарды құру және олардың іс-қызметін құқықтық реттеу қажеттігі туындауына байланысты". "Экономика саласындағы дау-дамайларды аралық соттың көмегімен реттеу мүмкіндігі соттардың қазіргі жұмысбастылық жағдайын аз да болса жеңілдетуге септігін тигізбек".
Сондай-ақ, мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге аралық соттардың іс-қызметіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бірінші оқылымда мақұлдады. Атап айтсақ, ҚР Қылмыстық-процессуалдық, Салық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстері мен "Сот сараптамасы туралы", "Сот үкімін орындатушылардың мәртебесі туралы" және "Істерді огрындауға алу туралы" заңдарға өзгерістер енгізіледі.