Мәжіліс депутаттары "Эйр Астана" әуе компаниясының жұмысын сынады

Мәселен, мәжіліс депутаты Тоқтар Әубәкіров "Эйр Астана" әуе компаниясын әуе тасымалы рыногындағы монополист деп атады. Ол ұлттық компанияға шетелдіктер қожайындық жасауға тиіс емес деп атап өтті. Депутат халықаралық Астана әуежайы секілді нысандарды "Эйр Астана" әуе компаниясына беру дұрыс емес деп санайды.

Ал мәжіліс депутаты Зейнолла Алшынбаев "Эйр Астана" әуе компаниясының қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтынын білдірді. "24-ақпанда біз Ақтауға 15 сағат 55 минутта ұшуға тиіс едік. Бірақ ұшу мерзімі таңертеңгі сағат 4-ке дейін шегерілді. Осындай қызмет көрсеткені үшін кешірім сұраған жан болмады",- деп атап көрсеткен ол әуе компаниясы үшін мұндай жағдай жалғыз мәрте болмағанына тоқталды. "Біз көлік және коммуникация министрлігінен қызмет көрсету саласын тәртіпке келтіруді талап етеміз",- деді З.Алшынбаев.
Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов әріптестеріне "әуе компаниясының билеттерді алыпсатарлық жолмен сатып отырғаны туралы" хабарландырды.
Отырыс қорытындысы бойынша мәжіліс депутаттары 23-наурызда палатаның жалпы жиналысына ҚР көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағмановты шақырып, одан "Эйр Астана" әуе компаниясына қатысты ахуал туралы есепті тыңдауға шешім қабылдады.