"Заң жобасы үкіметтік емес ұйымдар секторы үшін бетбұрыс әкелетін жоба болмақ және ол қабылданған жағдайда бейресми ұйымдар үшін дамудың жаңаша кезеңі басталып, мемлекет пен бейресми ұйымдар арасында конструктивті ынтымақтастық орнайды",- деді заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосубаев.
Оның айтуынша, "заң жобасы қоғамдағы әлеуметтік сұраныстарды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет пен бейресми ұйымдар арасындағы ықпалдастықтың қазақстандық үлгісін қалыптастыруға бағытталады".
Заң жобасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру процестерін реттеудің негізгі құқықтық принциптері айқындалған. "Жобаға сәйкес тапсырыстар әлдекімнің мүддесіне лобби жасамай, жемқорлық әрекеттерден ада, ашық әрі жариялы жүзеге асырылуы тиіс".
Е.Қосубаевтың пікірінше, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты атқару тиімділігіне мониторинг жүргізу және сырт көзбен бағалауды орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жанынан құрылатын үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара ықпалдастық жөніндегі кеңестер жүзеге асыратындығы маңызды болмақ. "Бұл кеңестердің құрамына паритетті негізде бейресми ұйымдардың өкілдері де енетін болады".
Министрдің пікірінше, заң жобасы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларды шешуге мелмекеттік бюджет қаржысының есебінен кеңінен атсалысуына құқықтық негізді қамтамасыз етеді және халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Е.Қосубаевтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың 2005-жылғы іс-қызметіне арналған жалпы бюджет көлемі 59 млн. теңгеге тең.
Депутаттар сондай-ақ "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға енгізілетін толықтыруларды мақұлдады. Министрдің айтуынша, бұл толықтырулар үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты өтініш бермей-ақ алуы үшін өткізілетін байқауды заңдық тұрғыда реттеуге бағытталады.
Заң жобалары сенаттың қарауына ұсынылды.