Мәжіліс депутаттары монополияға қарсы күрес мекемесіне "Эйр Астана" ЖАҚ-ның тарифтерін арзандату үшін қарау туралы өтініш жолдады

Депутаттық сауалда атап көрсетілгеніндей, қазіргі таңда "Эйр Астана" ЖАҚ-ның билет сату саясаты төтенше назар аударуды талап етуде. "Бұл ретте ең сұраныс мол бағыттарда қасақана билет тапшылығы қолдан жасалып, соңынан билеттерді алыпсатарлар анағұрлым қымбатқа сататынын арнайы журналистік зерттеу жүргізген бірнеше газет жазды. Алайда бұл басылымдарға ешбір жауап қатылған жоқ. Компания тарапынан да, үкімет тарапынан да жорта елемегендей сыңай танытылды".

Мәжіліс депутаттарының пайымдауынша, бұл монополист - "Эйр Астана" тарапынан жасалып отырған жалғыз қиянат емес. Олардың пікірінше, монополист Қазақстандағы жолаушылар арасында алалаушылыққа жол беріп, "билеттерді біреуге арзан, біреуге қымбат сатуда". Айталық, компания әлемдік тәжірибе және коммерциялық құпия дегенді алға тартып, корпоративтік клиенттерге билетті арзанға сатуда. "Ал корпоративтік клиенттер дегеніміз - түрлі шетелдік компаниялар. Демек, Қазақстандық жолаушылар - үшінші сортты клиенттер болмақ",- делінген депутаттық сауалда.
Ал депутаттардың пікірінше, әуе тасымалымен шұғылданушылар үшін бәсекелі орта қалыптасқан жерде ғана жеке келісім-шарт жасасып, дербес баға белгілеуге бағытталған әлемдік тәжірибені қолдануға болады. Ал монополист үшін бұл тұрғыда ешқандай коммерциялық құпияның болуы, жеке келісім-шарт жасасу мүмкін емес. Өйткені бұл Азаматтық кодекстегі жариялы келісім-шарт жөніндегі баптан бастап "Бәсекелестікті дамыту және монополиялық іс-қызметті шектеу туралы" заңның 14-бабы, 2-тармағына қайшы келеді. Аталмыш заңның дәл осы тармағында заңсыздыққа байланысты әлгіндей жеке келісім-шарттарға тыйым салынған. "Монополист үшін жеңілдіктер шарты антимонополиялық орган мен әділет министрлігі бекіткен жалпыға ортақ ережелермен айқындалғандай біртұтас болуы тиіс",- дейді депутаттар.
"Мен ұсынған құжаттардың арасында "Эйр Астананың " шетелдік компанияларға жолдаған хаты бар. Онда шетелдік компаниялар билетті "Отырар" фирмасынан сатып алған жағдайда ғана жеңілдетілген бағаға алатыны айтылған. Ал "Эйр Астананың" билеттерін сатушы басқа фирмаларға жеңілдетілген бағаға билет сату құқығы берілмеген. Басқа компаниялардың қауымдастығына "Эйр Астана": өз білгенімізді істесек неғыл дейсің" деп жауап берген",- деді Т.Квятковская.
Депутаттардың пайымдауынша, "егер билеттердің басым бөлігі коммерциялық рейстерге корпоративтік деп аталған клиенттерге арзандатылған бағаға сатылса, ондай жағдайда компания билеттерінің бағасы әсіре жоғары белгіленген деген тұжырымға итермелейді және бұл арзандату жағына қарай мәселені қарауға түрткі болмақ".
Сондай-ақ, мәжіліс депутаттары өз сауалында ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшылығынан парламент мәжілісінің төарағасына "Эйр Астана" тарапынан Қазақстан заңдарын бұзғаны, тұтынушылар құқығын аяқ асты еткені, заңды тұлғалардың бір бөлігі үшін алалаушылық пиғыл ұстанып, екінші бір бөлігі үшін артықшылық ахуал жасағаны үшін әуе компаниясына қатысты қолданылған шаралар туралы есеп беруді өтінген. Бұған қоса мәжіліс депутаттары монополияға қарсы мекемеден парламентке әуе тасымалы рыногында басым құқыққа ие ұлттық тасымалдаушы компания ұстанатын әуе тасымалында жеңілдетілген тарифтерді қолданудың біртұтас ережелерін таныстыруды сұрады.