Мәжіліс депутаттары үкіметтен вакцина егу саласын қатаң қадағалауды сұрады


Палатаның сәрсенбідегі жалпы отырысында депутаттар осындай бірнеше сауал жолдады. 
Халық қалаулысы Надежда Петухова бірінші вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа сауал жолдауына «қызылшаға қарсы екпеден кейін жағдайы нашарлаған адамдардың көбейіп кетуі түрткі болғанын» айтады.
«Қызылша ауруы төңірегіндегі ахуалды тұрақтандыру мақсатында 2015 жылы азаматтарды қосымша егу басталды. Алайда, БАҚ-да жарияланған мәліметтерге қарағанда Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында екпеден кейін жағдайы нашарлап, ауруханаға түскендер баршылық көрінеді», - деді депутат.
Н.Петухованың айтуынша, «Маңғыстау облысында 120, Қарағанды облысында 27, ОҚО-да 6, Жамбыл облысында 2 адам вакцинадан кейін төсекке таңылған».
Депутат Меруерт Қазбекова осы тақырыптағы сауалын премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдады.
Ол Қазақстанда зерттеу жүргізілуіне байланысты қызылшаға қарсы егу жұмыстары 2-наурызға дейін тоқтатылғанын атап өтті.
«Алайда, бастапқы зерттеу нәтижелеріне қарағанда, бұл оқиғалардың бәрі иммундаудан туындап отыр. Естеріңізге сала кетейін, «Ақ жол» депутаттары вакцина егу жүйесінде тәртіп орнату мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Екі рет папиллома вирусының жағымсыз әсеріне қатысты сауал жолдадым. Біз вакцинаны тек ерікті түрде салуды, вакцинаның кері әсері туралы мәліметті жазбаша түрде ата-аналардың қолына ұстатуды ұсындық», - деді ол.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, вакцинаны ерікті түрде эәне ата-аналардың рұқсатымен салуға уәде берген.
«Ал, қызылшаға қарсы екпе екпес бұрын ата-аналарға оның кері әсері мен жағымсыз салдары туралы мәлімет беруге не кедергі келтіріп отыр? Біз бәріміз де жақындарымызды қауіпті аурулардан қорғағымыз келеді. Бірақ, оны тексерілген, жақсылап зерттелген, ең бастысы, қауіпсіз дәрілер арқылы жасағымыз келеді», - деді М.Қазбекова.