Мәжіліс депутаттарымен көрші тұратын тұрғындар шу көтерді

Бұл байлар тұратын «Нұрсая» кешені. Элиталық үйдің терезесінен «Бәйтерек» пен Есілдің сол жағалауы алақандағыдай көрінеді. Бірақ іші адам көргісіз. Жарық, су, жылу атымен жоқ. Коммуналдық қарызы бар деген желеумен пәтер иелері кооперативінің төрағасы орталықтандырылған жүйеге қоспай қойған. Сондықтан элиталық баспананың ондаған қожайыны бірнеше жылдан бері қоныс тойларын атап өте алмай жүр.

Қайырбек Нағманов, «Нұрсая» кешенінің тұрғыны:

- Астананың ортасы емес, бұл бүкіл Қазақстанның орталығы осы жер. Енді не боп жатқанын көріп отырсыңдар.  Кісілер кіргісі келмейді. Жүректері айнып отыр. Қазір Астанада  «Нұрсаядан» кейін салынған үйлердің  өзгелердің сапасы жақсырақ.

Басқаларына қарағанда, Гүлнар Қайкенова дауласып жүріп ақыры үйіне кіріп алған. Элиталық аудандағы үш бөлмелі пәтерге ол 350 мың доллар төлеп сатып алыпты. Бірақ бұл жер мал қораға көбірек ұқсайды деп ашынады. Ал коммуналдық ақыдан басқа КСК-ның қызметі үшін айына 15 мың теңгесін санап береді екен.

Гүлнара Канкенова, «Нұрсая» кешенінің тұрғыны:

- Ал ақшаны төлеп жатырмыз. Сол төлеген ақшамызға біздің уәкілдеріміздің жұмысын көрмейміз. Қайда кетіп жатыр біздің ақша, білмейміз.

Мәселен мына қабатта жылу тарату қондырғылары қойылған. Яғни адамдар тұруға болмайды. Әйтсе де, бұл жерде пәтер жалдаушылар тұрып келіпті. Мұны бүгін наразы топтың өздері әшкереледі.


Қайырбек Нағманов, «Нұрсая» кешенінің тұрғыны:

- Бутиктер, төбеде жарнама, антенна бар. Ол ақша қайда, кассаға түсу керек деп. Бермейді жауап.

Тұрғындар ауыр айыптаулар тағып отырған кісі осы. Ол қаржылық құжаттарын жайып жіберіп бар кінәні шағымданушылардың өздеріне жапты.

Валерий Шашенко, «Нұрсая» пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Біз инженерлік желілерді жөндеп, тазарту жұмыстарын жүргіземіз. Бұл тұрғындармен жасалған келісім-шартта көрсетілген. Ал подьездің күтімі мен пәтерлердің жөндеуіне мүлдем жауап бермейміз. Басымды қатырмасын. 

Наразы топ кооператив төрағасының алалайтынына өкпелі. Бүгін олар көршілерінің яғни «Нұрсаяда» тұратын депутаттардың үйін көріп тала жаздады. Халық қалаулыларының подьезіне дейін жалтырап жатыр. Құдды бір хан сарайындай. Ал мәжілісмендер көршілерінің не шу шығарып жүргендерін түсінбей дал.

Майра Айсина,   Мәжіліс депутаты:

- Мен ризамын, еш проблема жоқ.

Мұхтар  Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

- Бәрі жақсы, өзім әйтеуір таңда кетем, кешке келем.

Ал бізді алалады деген қымбат пәтердің қожайындары кооператив төрағасымен әлі соттасып жүр.