Мәжіліс депутаттығынан үміткер Орталық сайлау комиссиясының оны тіркемеу туралы шешіміне қарсы ҚР жоғарғы сотында жеңіп шықты

С.Әкімовты парламент мәжілісінің депутаттығынан үміткер ретінде тіркеуден бас тарту туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысы "декларацияда көрсетілген кірісі мен мүлкі туралы мәліметтердің шынайы болмауына байланысты" 16-қыркүйекте шығарылған. С.Әкімовтың айтуынша, ол өзін тіркеуден бас тартылғаны туралы 18-қыркүйекте ғана "кездейсоқ " білген. Бұдан кейін ол Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, Астанаға ұшып келген. Шағымды сол күні қараған сот Орталық сайлау комиссиясының қаулысын заңсыз деп тапты. Алайда, сот шешімі қыркүйектің 18-інен 19-ына қараған түні шығарылғандықтан, үміткер сайлауға қатыса алған жоқ.

С.Әкімовтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы сот шешімін күні бүгінге дейін орындамай отыр. Оның пікірінше, 52-сайлау округі бойынша сайлау қорытындысы заңсыз деп танылып, үміткер қайтадан қатысуы үшін қайта дауыс берілуі тиіс.
Заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы сот шешімін 10 күннің ішінде орындауы тиіс. Алайда, С.Әкімов Орталық сайлау комиссиясы тарапынан сот үкімін орындау мүмкіндігіне шәк келтіреді. Ол сайлау комиссиясы "оған деген халық сенімі мен жоғары рейтингіге байланысты" осындай әрекетке жол беріп отыр. Үміткердің сайлау алдындағы штабының мәліметі бойынша, сайлау алдындағы соңғы күндері С.Әкімов халық арасындағы сауалнама қорытындысы бойынша алда келе жатқан. Ол сондай-ақ сайлау науқаны барысында және қазір де "өзіне қысым көрсетіліп отырғанын" хабарлады.
С.Әкімовтың хабарлауынша, осыған байланысты ол Елбасынан, үкімет басшысы мен парламент депутаттарынан "көмек сұрауға мәжбүр болған".
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметі бойынша, 52-сайлау округінде "Отан" партиясының өкілі Владимир Бобров жеңіске жеткен.