Д.Назарбаева:Біз "реформалар" деген сөзге тым тоқмейілсуге тиіс емеспіз. Реформа жүргізілді деген ат пен атақ үшін ғана, кейбір біздің оппоненттеріміз айтып жүргендей, реформа жүргізген кейіп таныту зиянды әрі ол жемісін бере алмайды. Олар тек қоғам тарапынан қолдау тапқанда, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталғанда, белгілі бір саяси тұғырға негізделе құрылғанда ғана тиімді болмақ. Осындай тұғыр ролін ел президенті басқарған біртұтас атқарушы билік атқарады.
Сол себепті облыс әкімдерін президент тағайындау принципінен бас тартатын мерзім жеткен жоқ деген ұстанымды мен бекем ұстанамын. Парламент сайлауында жеңіске жеткен саяси партия тек үкімет басшысының кандидатурасын ғана ұсынуы, ал шешімді Қазақстан президенті қабылдауы қажет. Бұл да күш құрылымдарының жетекшілерін президент тағайындап, соған бағынышты болғаны секілді аса маңызды жайт. Әрине, олардың іс-қызметіне міндетті түрде парламент бақылауға тиіс.
Парламент пен саяси партиялардың ролін күшейтетін кез-келген реформалар қуатты президенттік билік сақталып қалған жағдайда ғана жүзеге асуға тиіс. Мемлекетіміздің қазіргі даму кезеңінде тек қуатты президенттік билік қана Қазақстанның жедел жаңаруы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеушілігін қамтамасыз етуге қабілетті.
Қуатты президенттік билік қана еліміздегі тұрақтылық пен демократиялық дамудың басты кепілдігі дегенге мен кәміл сенімдімін.
Сол себепті де мен парламенттегі бір топ депутаттың Қазақстанның Бірінші Президенті үшін президент болу мерзіміне қойылған шектеуді алып тастау жөніндегі мәлімдемесіне өз қолымды қойдым. Ол өзінің тарихи миссиясын әлі орындап шыққан жоқ.
Kazakhstan Today: Сіздің Демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына тікелей атсалысқаныңыз, жұмыс тобын басқарғаныңыз белгілі. Ел Конституциясына енгізілетін түзетулерді парламент бекіткенен кейін жалпы атқарылған жұмыстарды қалай бағалар едіңіз?
Д.Назарбаева: Саяси реформалар, қоғамдық-саяси құрылымның қазақстандық моделін таңдау - біздің ортақ жетістігіміз. Бұл Демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы кезінде бізбен ынтымақтаса жұмыс істегендердің, мемлекеттік комиссияда, сондай-ақ, "Асар" партиясының құрамында өзіміздің саяси бағыттағы жұмыстарымызды бастаған тұста, ал қазір "Нұр Отан" партиясында бізбен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп жүргендердің ортақ еңбегінің жемісі.
Қазақстан Республикасында демократиялық реформалар бағдарламасын жасау және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсыныстарының басым бөлігінің ел парламентінің қарауына ұсынылған Конституцияға енгізілетін түзетулердің аясына қамтылғандығын қанағаттанғандық сезіммен айта аламын.
Бұл бірінші кезекте Қазақстанның саяси жүйесінде партиялардың ролі мен орнын кеңейтуге қатысты, сондай-ақ, өкілетті билік органдарының ролін арттыруға қатысты ұсыныстар. Біздің көзқарастарымыздың түсіністік тапқанына қанағаттанамыз.
Бұл біздің қоғамның алға жасаған ауқымды қадамы. Алда енді ауқымды істер күтіп тұр.
Kazakhstan Today: Демек, бұл - саяси реформалар басталды, соған сәйкес өмірімізде де оңды өзгерістер басталады деген сөз бе?
Д.Назарбаева : Заңға белгілі бір өзгерістер енгізілді екен, ендігі жерде бәрі де жақсылыққа қарай бағдар алады деген жаңсақ ұстаныммен жиі кездесіп жатамыз. Мысалы, заң шығарушы билік органдарындағы саяси партиялардың үлес санын механикалық жолмен арттыру немесе парламентке өткен партияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді қамтамасыз ету нәтижесінде саяси жүйенің тиімділігі бірден артады деп түсіну - қате болмақ.
Бізде көп жағдайда реформалардың түрлері мен тасадағы тұстарына айрықша мән береміз деп, оның мазмұнын естен шығарып алу жағы жиі кездеседі. Әсіресе, білікті мамандармен қамтамасыз ету аса маңызды болмақ. Толыққанды саяси реформа еліміздің саяси жүйесі үшін жаңа мамандарды талап етеді, еліміздегі саяси мамандарды дайындау, оларды алмастыру, таңдауға қатысты жаңаша көзқарастардың жобасын жасап жүзеге асыру қажеттігін талап етеді.
Біз "Нұр Отан" партиясында осы бағытқа назар шоғырландырмақпыз.
Kazakhstan Today: Тақырыпқа қатысы жоқ, бірақ , қоймауға болмайтын тағы бір сұрақ. Кейінгі уақытта жұртшылық назары полицияның "Нұрбанкке" жасаған шабуылына қатысты сот процессі төңірегіндегі оқиғаларға айрықша ауып отыр. Осы мәселе бойынша сіздің үндемей қалуыңыз - бұл да ұстаным ба?
Д.Назарбаева: Біздің өмірімізде үлкенді-кішілі оқиғалар тізбегі болып жататыны өзіңізге мәлім. Саяси реформа - ел өмірінің алтын діңгегін құрайтын үлкен оқиға. Бұл біздің үлкен еңбегімізді сарп еткен, әрбір қазақстандық үшін шынында да маңызды оқиға. Мысалы, бір ғана шешім - азаматты сот процедурасынан тысқары тұтқындауға салынған тыйымды, Қазақстанда алқа билер сотын енгізуді алайық. Бұл - тек бастамасы ғана.
Өз басым парламент депутаты ретінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің өздері заңнан аттап өтіп, адамды жеткілікті негізсіз ұстауына, процессуалдық нормаларды бұза отырып ұсталғаннан қажетті жауапқа қол жеткізіп жататына қатысты көптеген жайттардан хабардармын. Көп жағдайда осындай оңбаған тергеу әрекеттері жеке мүддені, бас пайданы көздейді.
Тіпті Конституциялық реформалардың қарсаңында прокуратура мен күш құрылымдары тарапынан тұтқындауға сот тарапынан санкция беру нормасын енгізуге қарсы бағытталған қатаң күрес жүрілді.
Елімізде қандайбір күрделі саяси өзгерістер қолға алынайын деп жатқанда әлдебір қылмыстық оқиға өрбитін қызғылықты сәйкестік байқалады. Дәл президент сайлауының алдында Заманбек Нұрқаділов қаза тапты. Саяси реформалардан үлкен үміт күттірген президент сайлауы өте сала Алтынбек Сәрсенбаев қаза тапты. Ал құқықтық бағасы әлі берілмеген, "Нұрбанктің" айналасындағы мына ақылға сыйымсыздау арпалыстар маңызды саяси оқиғалардың қарсаңында жайдан-жай туындамағаны белгілі.
"Нұрбанктің" айналасындағы осынау барлық оқиғалар қазір елімізде болып жатқан ауқымды өзгерістерді ұнатпайтындардың қолымен жасалған іс.
А.Сәрсенбаев қаза тапқан кезде мен бір сұхбатымда бұл қылмыстың ел президентіне қарсы бағытталғанын, ақырғы діттегендері - Нұрсұлтан Назарбаев үшін жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесін бүркемелеу екенін айтқанмын. Ол кезде менің айтқаным дұрыс болып шақты. "Нұрбанктің" айналасындағы оқиғалар да ел президенті мен оның жүргізіп отырған саясатының беделін түсіруге бағытталған деп ойлаймын.
Ал менің ұстанымыма келсек - ол өте қарапайым: бәрі өтпелі - түптің түбінде бір шындық қана қалады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті