Мәжіліс депутаты Е.Әбілқасымов өткен сайлауда мардымсыз дауыс жинаған партияларды тіркеуден алып тастауға шақырады

Депутаттың айтуынша, сайлаудан бірнеше ай бұрын ол бас прокуратураға "бірқатар саяси партиялардың заңсыз тіркелгендігі туралы" сауалдар жолдаған, бірақ, оларға "күні бүгінге дейін тұщымды жауап алған жоқ". Алайда, Е.Әбілқасымовтың пікірінше, өткен сайлау қорытындысы "қандай партияның шынайы қолдауға ие болғанына, қандайының өтірік санды алға тартқанына" көз жеткізді. Мәжіліс депутаты сайлау барысында "Коммунистер мен ҚДТ партиясының оппозициялық халықтық одағы" 3,44%, "Ауыл" партиясы 1,73%, Демократиялық партия 0,76%, Қазақстанның патриоттар партиясы 0,55%, "Руханият" партиясы 0,44% дауыс жинағанын тағы бір атап өтті. Депутаттың пікірінше, "демек, аталған партиялардың жалпы мүшелерінің саны 50 мыңға жетпейді, ал кейбір аймақтардағы мүшелер саны тіпті 700 адамға да толмайды". "Сол себепті аталмыш партияларды тіркеу туралы куәлікті кері қайтарып алып, оларды таратуға шешім қабылдау қажет",- деп пайымдайды депутат.

Сондай-ақ Е.Әбілқасымов өзінің депутаттық сауалында кейбір саяси партиялардың "сайлау кезіндегі бүкіл іс-қызметіне тиісті органдарды жұмылдыра отырып тексеру жүргізуді" ұсынады. Депутаттың пікірінше, кейбір саяси бірлестіктер "қаржылық шығындар көлемін қазіргі қолданыстағы "Сайлау туралы" заңда көрсетілген мөлшерден әлдеқайда арттырып жіберді". Сонымен бірге кейбір партиялар "өз мақсатында бюджет қаржысын жұмсаса, енді бір бөлігі шетелдік демеушілердің қаржысын әжетке жаратты". Оның пікірінше, "Асар" партиясы, АИСТ блогы, "Коммунистер мен ҚДТ партиясының оппозициялық халықтық одағы" мен "Ақжол" демократиялық партиясының сайлау алдындағы және сайлау кезіндегі қаржылық іс-қызметіне тексеру жүргізу қажет.