Мәжіліс депутаты Назарбаева трансұлттық компаниялардың іс-қызметін қадағалауды күшейтуді ұсынады

"Мен республика парламенті мен үкіметін болып жатқан оқиғаларға баса назар аударуға шақыра отырып, трансұлттық компаниялардың іс-қызметін қадағалауды күшейтуге бағытталған тиісті заңнамалық актілерді қабылдауды талап етемін",- делінген депутаттың бүгін таратқан мәлімдемесінде.

"Үкімет тансұлттық компаниялардың баға белгілеу саясатын, сондай-ақ, өндірісте қауіпсіздік талаптарын, еліміздің еңбек заңнамасын сақтау жайын қадағалауға бағытталған шараларды жүзеге асыруға тиіс",- деп пайымдайды Д.Назарбаева. Депутаттың пікірінше, "компания мейлі жергілікті, мейлі, шетелдік меншік иесіне қарасты болсын", еңбек қорғау және қауіпсіздік талаптарын сақтау шаралары республика аумағында жұмыс істейтін барлық кәсіпорындарға бірдей қатысты болуға тиіс".

Саясаткер сонымен бірге еңбеккерлердің құқығын қорғау мәселелерін шешуге қоғамдық ұйымдарды белсенді тарту керек деп бағамдайды. "Қуатты кәсіподақ ұйымы болмайынша, жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған барлық ұсыныстар қағаз бетінде қала береді", деді Д.Назарбаева. Осыған байланысты ол қазір парламентте республиканың жаңа Еңбек кодексінің жобасы талқыланып жатқанын еске салды. "Оған кәсіподақ ұйымы өкілдерінің өндірісте қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталуын қадағалау құқығының аясын кеңейтуге бағытталған нормаларды енгізуді ұсынамын. Сонымен бірге еңбек ету жағдайы зиянды және қауіпті өндірістерде кәсіподақ ұйымын құру міндетті екенін заңдастырып, ұжымдық келісім-шарттарын қарау және оларға қол қою мерзімін бекітуді ұсынамын",- делінген Д.Назарбаеваның мәлімдемесінде.

Мәжіліс депутаты кеншілердің экономикалық талаптары орынды деп санайды. "Кеншілердің жалақыны көтеру жөніндегі талаптарын қолдауды, сондай-ақ, еңбек ету жағдайы зиянды және қауіпті өндірістерде еңбекақының сағаттық мөлшерін заңмен бекітіп беруді ұсынамын. Жұмыс берушіге жұмысшылардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған шығындарының орнын толтырып беруді міндеттеу қажет",- делінген мәлімдемеде.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті