Атап айтсақ, депутат "Қазақстан Наурыз Банкі" ААҚ-ның ірі акционерлерінің бірі "Наурыз Холдинг Қазақстан" екені рас па, және осы холдинг арқылы 2002-жылы "Наурыз Банктің" жарғылық қорына жарна ретінде 10 млн. доллар аударылды ма деп сауал тастады. Сонымен бірге депутат соңғы 6 айда "Қазақстан Наурыз Банкі" ААҚ-на жүргізілген тексерулер қаншалықты жиі болды, оларды кім жүргізді, және соңғы бес тексерудің үшеуін прокуратура мекемелері жүзеге асырғаны рас па дегенді анықтауды өтінеді.
Сондай-ақ, С.Әлібаев ҚР Ұлттық банкі "Наурыз Банктің" лизенциясын кері қайтарып алмақ болған жағдай шынымен де болды ма дегенді нақтылауды сұрайды. Депутат сондай-ақ, "Наурыз Банкке" жүргізілген салық тексерулері нәтижесінде 935 млн. теңге көлеміндегі салықтың төленбегені анықталғаны рас па, егер бұл шындық болса, банктің жеке салымшыларының мүддесі қалай қорғалады деген сауалға жауап алғысы келеді.