«Біз әскерге шақырылған азаматтарды медкомиссия кезінде, ал, студенттер мен жоғарғы сынып оқушыларын медициналық анықтама беру кезінде ағзада есірткі бар-жоғын анықтайтын «нобайлы» тестерді қолданысқа енгізуді ұсынамыз», - деді ол палатаның сәрсенбідегі жалпы отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында.
Халық қалаулысы бүгінде еліміздегі нашақорлар саны 50 мыңнан асып-жығылатынын алға тартты.
Оның айтуынша, «бұл цифр нақты емес, өйткені, әрбір үшінші нашақор есепке тұрудан қашқақтайды».
«Статистикаға сүйенсек, 2013 жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыс саны 4200-ге жеткен. Оның жартысынан астамын жастар жасайды екен» дейді депутат.
Осы орайда ол «үкіметтен нашақорлық деңгейін төмендетуге бағытталған қосымша шараларды қолға алып, есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтуді» сұрады.