Заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, шарт күшіне енген күннен бастап Армения Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болады. Сонымен қатар, Армения 2014 жылдың 29 мамырындағы ЕАЭО туралы шартқа және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық құқықтық базасымен көзделген міндеттемелерді өзіне алады.
«ЕАЭО туралы шартқа Арменияның қосылуы туралы шарт жобасы негізгі төрт еркіндікті қамтамсыз ету бойынша жағдайлар жасауға бағытталған. Бұлар тауарлардың, капиталдың, қызмет көрсетулердің және жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Перспективада Армения Республикасының интеграциялық процеске қатысуына басқа да елдер секілді тұтастай Одақ үшін барынша елеулі пайда күтіліп отырғанын атап өткім келеді», - деді министр Ерболат Досаев.
Ал қосымша баяндама жасаған депутат Виктор Рогалевтің сөзіне қарағанда, шартты қабылдау Армениямен арадағы бірлескен кәсіпорындардың өзара дамуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ өткізу нарығын кеңейте түсуге жағдай жасап, ЕАЭО қатысушы мемлекеттердің экономикасын тұрақты дамытуға септігін тигізеді. «Аталған заң жобасы жұмыс тобының және бас комитеттің отырыстарында қаралды. Мәжілістің комитеттері оң қорытынды берді, ғылыми-құқықтық және ғылыми лингвистикалық сараптамалардың оң қорытындылары бар», - деді В. Рогалев.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.