"Заң жобасы қоршаған ортаны ластау салдарынан сақтандырылған заңды және жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына, үшінші бір жақтың дүние-мүлкіне және қоршаған ортаға зиян келген жағдайда туындайтын барлық қарым-қатынастар кешенін реттейді",- деді заң жобасын палата отырысында таныстырған ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова.
Министр табиғат қорын пайдаланушылар үшін экологиялық сақтандырудың міндетті екенін атап өтті. "Қоршаған ортаны ластағаны үшін жүктейтін жауапкершілік пен тәуекелдерді сақтандыру ұйымдарымен бөлісетіндіктен, бұл табиғат пайдаланушылар үшін тиімді болмақ",- деді ол.
"Міндетті экологиялық сақтандырудан мемлекет те мүдделі. Өйткені ол апатқа кінәлі жақтың қаржылық ахуалына қарамастан, қоршаған ортаға келген ауқымды шығынның орнын толықтыруға кепілдік алады",- деді А.Самақова.
Заң жобасында жеке кәсіпкерлер үшін 5 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғалар үшін 65 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сақтандыру сомасы белгіленді. Ең жоғарғы сақтандыру сыйақысы сақтандыру сомасының 0,76-2,65 процентін құрайды.
"Заң жобасын қабылдау - меншік түріне қарамастан республика аумағында қауіпті шаруашылықпен шұғылданатын барлық заңды және жеке тұлғалар үшін міндетті экологиялық сақтандыруды қолданысқа енгізуге түрткі болып, кәсіпорынның қаржылық ахуалына қарамастан, үшінші жақтың шеккен шығындарын өтеп беруге кепілдік береді",- дейді министр.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.