Заң жобасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің өлім жазасына кесілген және мораторийдің арқасында өлім жазасын қолданудан құтылған адамдардың мәртебесін айқындау және мораторий күшіне енген және ол алып тасталғаннан кейінгі кезеңде қылмыстық жазаларды жүзеге асыру тәртібі мен шарттарына қатысты бөліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ал ҚР Қылмыстық-процессуалдық Кодексіне енгізілетін толықтырулар өлім жазасы туралы үкімді қарау негіздемесі мен тәртібін, өлім жазасына жарияланған мораторийдің күшіне ену және оны алып тастау тәртіптерін айқындайды. ҚР Қылмыстық-атқару Кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мораторий күшінде тұрған мерзімде өлім жазасын қолдануды тоқтату, сондай-ақ, мораторий алып тасталғаннан кейін өлім жазасы туралы үкімді жүзеге асыру тәртіптерін реттейді. Сондай-ақ, мораторий кезінде және ол алып тасталғаннан кейін өлім жазасына кесілгендерге рақымшылық жасау құқығын қамтамасыз етуге кепілдікті заңдастыру да қарастырылып отыр.
Бұл заң жобасы "мораторий аясына іліккен адамдардың жазасын өтеу және оларды асырау ережелерін реттейді. Мораторийдің өзі Елбасының Жарлығымен күші енді. Бұл енді нақты іске асырылған факт",- деді палатаның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосынов.
Оның айтуынша, 2002-2003-жылдарда қоғамдық пікірге жүргізілген мониторинг нәтижесі көрсеткендей, 2002-жылы Қазақстан халқының 70 проценті өлім жазасын алып тастауға қарсылық білдіріп, 30 проценті оны алып тастауды қолдаса, 2003-жылы өлім жазасын алып тастауға қарсылық білдіргендер 60 процентті, ал қолдаушылар 40 процентті құрады.
Әділет министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 2000-жылы 71 адам өлім жазасына кесілсе, 2001-жылы бұл сан 65, 2002-жылы 51, 2003-жылы 26 болған. "Кейінірек бұл үкімдер аппелляциялық және қадағалау сатыларында өзгертілген болуы мүмкін, сол себепті өлім жазасын қолдану туралы үкім жүзеге асырылған адамдар саны жоғарыдағы саннан әлдеқайда аз. Бұған қоса рақымшылық жасау деген адамгершілік шараны тағы да ескеру керек",- деді С.Бекбосынов.
Өлім жазасына мораторий жариялау туралы ЕлбасыныңЖарлығына 2003-жылдың 17-желтоқсанында қол қойылды.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.