Мәжіліс Грузиямен арадағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді бекітуді мақұлдады

"Бұл келісімнің мақсаты Қазақстан мен Грузия арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және автокөлік тасымалын жүзеге асыруды жеңілдетуге құқықтық негіз қалау болып табылады", - делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Келісім " Қазақстан мен Грузия арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдауды, осы елдердің аумағы арқылы транзитті, сондай-ақ, осындай тасымалды атқаруға рұқсат берілген тасымалдаушылардың үшінші елдерге жасайтын тасымалдау жұмыстарын реттейді".

"Келісімнің ережелері екі жақты қатынаста және келісімге қатысушы тараптардың аумағы арқылы транзитті тасымалға, сондай-ақ, үшінші елдерге жасалатын тасымалға халықаралық автотасымалына рұқсатнамасыз жүйе енгізуді қарастырады", - делінген мәжіліс комитетінің қорытындысында.

Келісімге 2007 жылдың 6 наурызында Астанада қол қойылған.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті