Мәжіліс кәсіпкерлікті дамыту мақсатында әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекске енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады

"Заң жобасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау үшін қолданыстағы әкімшілік заңнаманы жетілдіруге бағытталған",- делінген мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Атап айтсақ, бұл заң жобасы қабылданған жағдайда шағын және орта кәсіпкерлік саласына салынатын әкімшілік айыппұлдың ең жоғары көлемі азайтылады. Сонымен бірге заң жобасы жауапкершілікке тартылатын тұлғалар категориясын нақты ажырату, әкімшілік құқық бұзушы субьектілерді ауқатына қарай айыру, алғаш рет заң бұзушылар үшін жауапкершілікті жеңілдетуді қарастырады. Заң жобасында жеке кәсіпкерлерді заңды тұлғаларға белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тарту мүмкіндігі жойылған.
Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін салалық комитетке жолданды.