Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін табиғи монополия субьектілерінің іс-қызметіне қатысты түзетулерді мақұлдады

Заң жобасын палатаның жалпы отырысына таныстырған ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Агенттігінің төрағасы Ораз Жандосовтың хабарлауынша, "бұл заң жобасы табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік бақылау мен реттеу әдістемелерін жетілдіруге бағытталған".

О.Жандосовтың айтуынша, заң қабылданғаннан кейін "табиғи монополиялар саласына талдау жасап, табиғи монополия субьектісінің нақты қызметін Агенттік тарапынан реттелетін қызметтер аясына қамтуды құзырлы орган жүзеге асыратын болады". "Талдаудан кейін Агенттік осындай қызметтердің тізімін үкіметке ұсынады",- деді ол.
Заң жобасында сондай-ақ, Агенттікке тарифтердің шектеулі мөлшерін орта
(3 жылға) және ұзақ (5 жылға) мерзімді белгілеу мүмкіндігін береді. "Соның нәтижесінде тарифтің жоғарғы шегі белгіленіп, табиғи монополия субьектісі нақты тарифті сол шеңберде белгілейді",- деді О.Жандосов.
Тариф саясаты саласындағы қосымша шара ретінде заң жобасында инвестициялық тариф қарастырылған. Ондай тарифті табиғи монополия субьектісі белгілі бір тұтынушылар тобының мүддесіне қатысты инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырған жағдайда белгілей алады.
Заң жобасында сондай-ақ, табиғи монополия субьектісіне екі түрлі міндеттеме жүктейді, атап айтсақ, субьект іс-қызметінің негізгі құралдардың техникалық ахуалына қатысты бөлігіне 5 жылда бір реттен кем емес, ал қаржылық ахуалына 2 жылда бір рет тәуелсіз сараптама жасатып тұру. "Компанияның іс-қызметіне тәуелсіз баға беруге байланысты осындай сараптаманың қажеттігі туындап отыр",- деді О.Жандосов.
Сондай-ақ, заң жобасында табиғи монополия субьектісінің іс-қызметін шектеу туралы норма нақтыланған. О.Жандосовтың айтуынша, табиғи монополия субьектілеріне төменде аталған жағдайлардан өзге іс-қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салынады: егер процесс реттелуші іс-қызметпен технологиялық тұрғыда байланысты болған жағдайда; табиғи монополиялар саласына қамтылған реттелетін қызмет түрінен түскен кіріс көлемі рынок субьектісінің өз іс-қызметі нәтижесінде бір жылда табатын пайдасының 1 процентіне аспаған жағдайда; басқа іс-қызмет түрлерінен табатын кіріс мөлшері табиғи монополия субьектісінің жалпы іс-қызметінен бір жылда түсетін кірістің 5 процентінен аспаған және табиғи монополиялық қызмет көрсетуші құрылымдық бөлімшені ұйымдастыру және аумақтық тұрғыда бөлшектеу мүмкін болмаған жағдайда;
Заң жобасы бойынша жылдық пайдасы 350 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын табиғи монополия субьектісінің іс-қызметін мемлекеттік реттеудің жеңілдетілген тәртібі енгізіледі. Жеңілдетілген тәртіп осындай кәсіпорындар үшін үш жылда бір мәрте міндетті аудиттік тексеру өткізіп тұруға негізделген.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.