Оның айтуынша, "сенаттың ұсынысы бойынша заң жобасының тақырыбын "Кейбір заңнамалық актілерге тұтқындау және үй қамақ түрінде кідірту шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп өзгертуге шешім қабылданды". Жалпы алғанда, мәжіліс депутатының айтуынша, келісім комиссиясының қарауына 34 түзету ұсынылды, олардың басым бөлігі сенаттың редакциясына сәйкес қабылданды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманы Конституцияның 16-шы бабына сәйкестендіруге саяды.
Атап айтсақ, Қылмыстық-процессуалдық кодекс пен "Прокуратура туралы" заңға түзетулер енгізіледі.
Қылмыстық-процессуалдық кодексте тұтқындауға санкция беру өкілеттілігін тікелей аудандық және қалалық сотқа беру заңдастырылады.
Кідірту шарасы ретінде тұтқындауды таңдау қажет болған жағдайда тергеу органы, тергеуші сотқа тұтқындауға санкция беру туралы өтініш жазады, ол іс материалдарымен бірге прокурорға жолданады.
Прокурор өз шешімімен бұл өтінішті қолдау немесе қолдамау жөнінде тиісті қаулы шығарады. Тұтқындау шарасын қолдануға прокурордың келісім бермеуіне тергеу органы немесе тергеуші қарсы шығып, жоғары сатылы прокурорға немесе сотқа шағымдана алады.