Мәжіліс халықты жұмыспен қамту туралы заңға енгізілетін түзетулерді мақұлдады

Заң жобасын таныстырған ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова "халықты жұмыспен қамту саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру және заң нормаларын халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру" үшін түзетулер енгізілгелі отырғанын атап өтті.

Өзгерістердің көмегімен әлеуметтік жұмыс орындарын құру заңдастырылмақ. Г.Қарағұсованың пікірінше, әлеуметтік жұмыс орындары халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ынталандырады. 2004-жылы 1383 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Биыл жергілікті бюджеттерде 6281 әлеуметтік жұмыс орнын құруға 212,8 млн. теңге қарастырылған.
Сонымен бірге заң жобасына сәйкес мемлекеттің халықты жұмыспен қамту саясатын, соның ішінде мүгедектерді жұмысқа қабылдауға арналған квотаны іске асыруда жұмыс берушілер жүктейтін міндеттер аясын кеңейту көзделді.
Құжатта азаматтарды жұмысқа орналастырумен шұғылданатын жеке меншік агенттіктердің құқықтары мен міндеттері айқындалған.
Депутаттар құжатты мақұлдады, бірақ, үкіметке қазіргі проблемаларды ескере отырып, халықты жұмыспен қамтуға қатысты жаңа заң жобасын жасауға кеңес берді.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.