Мәжіліс Көлік одағына қатысушылар арасындағы халықаралық автокөлік байланысы туралы келісімді бекітуді мақұлдады

Жалпы отырыста сөз сөйлеген ҚР көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағмановтың түсініктемесіне жүгінсек, "келісім одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы тұрақты және тұрақты емес жолаушы тасымалын, жүк және жолдамалар тасымалын, сондай-ақ, елдердің аумағы арқылы осы елдерде тіркелген автокөлік құралдарымен жүзеге асырылатын транзитті реттейді".

Министрдің атап көрсетуінше, келісімнің 6-бабына сәйкес, оған қатысушы-мемлекеттер арасындағы жүк тасымалы рұқсатсыз негізде жүзеге асырылады. "Еліміздегі көлік дәліздері арқылы рұқсатсыз негізде жүк тасымалдайтын шетелдік тасымалдаушылар санының артуы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға түрткі болу арқылы еліміздің экономикалық мүддесіне сәйкеседі" ,- деді Қ.Нағманов. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, "келісімді бекіту оған қатысушы-мемлекеттерде өндірілген өнімдердің тасымал құнын азайтуға септігін тигізеді. Бұл одаққа қатысушы елдердің барлығына бірдей тиімді болмақ. Бұған қоса, Қазақстан автокөлік тасымалы дәліздерінің инфрақұрылымдық қызметін көрсету арқылы бюджетке қосымша пайда табады",- деді ол.
Бұл келісімді қазіргі жағдаймен Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикалары бекітті. Ал Беларусь бекіту процедураларын жүзеге асыруда. Көлік одағын құру туралы келісімге 1998-жылдың 24-қарашасында Мәскеуде қол қойылған. Оған Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, кейіннен Тәжікстан республикалары мүшелікке өтті.
Келісім сенаттың талқысына жолданды.