Мәжіліс "Лицензия беру жөніндегі" жаңа заңның жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады

"Заң - тікелей құзыреті жүретін заң болмақ. Онда лицензия берілетін қызмет түрлері мен олардың ішкі түрлері толық көрсетіледі және бұл түрлерді заңға бағынышты актілермен көбейтуге құқық берілмейді",- деді заң жобасын депутаттарға таныстырған экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасының көмегімен лицензия берілетін қызмет түрлерінің тізімі қысқартылады. Мәселен, заңның жаңа нұсқасында лицензия берілетін 100 қызмет түрлері мен олардың 249 ішкі түрлері көрсетілген. Ал қолданыстағы заңда барлығы 426 түр бар.

Заң жобасы сонымен бірге лицензия беру процедурасын ретке келтіруге бағытталған. Онда көзделгеніндей, лицензия күшіне енетін аумақ шектелмейді және лицензия алу үшін "бір терезе" принципі пайдаланылады.

Заң жобасында "лицензияны кері шақырып алу" деген термин "лицензиядан айыру"деген терминмен алмастырылды. "Ал лицензиядан айыру процедурасы соттың шешімімен ғана жүзеге асады",- деді М.Құсайынов.

Сонымен бірге депутаттар депутаттар "Лицензия беру мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Ол рұқсатнама беру жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Вице-министрдің айтуынша, осы мақсатпен мемлекеттік рұқсатнама беру жүйесінен алты қызмет түрі рұқсат беру аясынан шығарылды. Сонымен бірге туристік қызметке сертификат беру тәртібі алынды. Өйткені ол лицензия беру процедурасын қайталайды.

Заң жобалары екінші оқылымға дайындау үшін мәжілістің салалық комитетіне жіберілді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті