"Заң жобасы бұрындары өкілеттіліктердің аражігін ажырату аясына қамтылмаған іс-қызмет салаларын, атап айтсақ, ауылшаруашылы, жер қатынастарын реттеу, қоршаған ортаны қорғау сынды салаларды қамтиды",- делінген мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму жөніндегі комитетінің қорытындысында.
Заң жобасына байланысты 32 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Атап айтсақ, ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодексіне жерді пайдалану және қорғауды мемлекет тарапынан қадағалауды жүзеге асыратын органдардың құзыретін шектеуге бағытталған өзгерістер енгізіледі. Түзетулерге сәйкес, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті мекеме мен оның аумақтық бөлімшелері әкімшілік құқық бұзу оқиғаларына қатысты істерді қарау және әкімшілік жазалар жүктеу құқығына ие болады.
Ал Жер кодексіне нақты жер учаскесінің кадастрлық құнын мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін арнайы мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорын анықтайды, ал жер учаскесінің кадастрлық құнын айқындау актісін жер қатынастарына қатысты уәкілетті мекеме береді деген түзету енгізілді.
Жер кодексінде уәкілетті органның су қорын қорғау бойынша пайдаланатын су лимитін бекітуге қатысты құзыреті нақтыланады. Облыстардың (республиалық маңызы бар қалалар мен астананың) жергілікті атқарушы органдарына ауылшаруашлыығының тауар өндірушілеріне су жеткізу құнына субсидия бөлу, сондай-ақ, айрықша маңызды су қамтамасыздығы жүйелерінің желісінен ауыз су беру шараларын жүзеге асыру құзыреті беріледі.
"Қоршаған ортаны қорғау туралы" заңға енгізілетін өзгерістердің көмегімен табиғат қорын пайдаланушыларға қоршаған ортаны қорғауға және табиғат пайдалануға қатысты шаралар туралы ақпараттарды жергілікті атқарушы билік органдарына беріп отыруды міндеті жүктеледі. Облыстар бойынша қоршаған ортаны ластауға рұқсат беретін лимиттер мен квоталарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тарапынан табиғат пайдалануға берілетін рұқсатпен алмастыру ұсынылған.
Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін мәжілістің салалық комитетіне жіберілді.