Мәжіліс мемлекеттік шекара сызығын белгілеу жөніндегі Қытай-Қазақстан үкіметаралық Хаттаманы бекітті

Мемлекеттік шекара сызығының басталу нүктесі ретінде 1999-жылдың 5-мамырындағы келісімге сәйкес белгіленген Қытай,Қазақстан және Ресейдің мемлекеттік шекараларының түйілісу нүктесі аталды. Ал мемлекеттік шекараның демаркацияланған ақырғы нүктесі ретінде Қазақстан, Қырғызстан және Қытай арасындағы 1999-жылдың 25-тамызындағы келісімге сәйкес үш мемлекеттік шекараның түйілісу нүктесі белгіленді. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Вадим Зверьков мәлімдеді.

"Мемлекеттік шекара сызығын белгілеу жөніндегі комиссия шекаралық тау өзендеріндегі шекаралық су бөлісу сызығын, шекаралас өзендердегі аралдардың кімге қарастылығын нақты айқындап, шекаралық белгілер орнатылды, шекара сызығын белгілеу жөніндегі құжаттар жобасы даярланып, демаркациялық карталар шығарылды",- деді дипломат.
Оның айтуынша, мемлекеттік шекара сызығын белгілеу жұмыстары 1996-2001-жылдар аралығында 5 жылға созылған. ҚР СІМ-нің мәліметтері бойынша, демаркацияланған Қазақстан-Қытай аралық мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 1782,7 шақырымды құрайды, оның ішінде құрғақтағы шекара 1215 шақырым, судағы шекара 566 шақырым.
Қазақстан-Қытай аралық мемлекеттік шекара сызығын белгілеу жөніндегі ҚР және ҚХР үкіметтерінің Хаттамасына 2002-жылдың 10-мамырында Пекинде қол қойылған болатын. Аталмыш келісімді бекіту жөніндегі заң жобасы сенаттың қарауына жіберілді.