Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның айтуынша, заң жобасы Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам атты бағдарламалық мақаласында, «Қазақстан-2050» стратегиясы қамтылған ел дамуының бағдарламалық құжаттары шеңберінде, сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының он тоғызыншы сессиясында берілген тапсырмаларын орындау үшін әзірленген. «Бүгінгі таңда 2004 жылы қабылданған мемлекеттік жастар саясаты туралы заң іске асырылып жатыр. Дегенмен, мемлекетіміздің ілгері, серпінді дамуына байланысты жастардың қоғам өміріндегі рөліне нақты көзқарастың болуы қажеттігі туындап отыр. Осыған орай, заң жобасы мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын көздейді, мемлекеттік органдардың құзыретін бөледі, жастар саясаты субъектілерін айқындайды. Заң жобасының жаңа редакциясы мемлекеттік жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге, жастардың әлеуметтік экономикалық дамуын қолдауға, жас азаматтарды мемлекеттің қоғамдық саяси жұмысына белсенді қатысу үшін жағдай жасауға бағытталады», - дейді Д. Назарбаева.