Заңға енгізілетін түзетулердің жобасын жасау жөніндегі бастаманы мәжіліс депутаттары Дариға Назарбаева мен Сергей Киселев көтерген.
"Заңның жобасы парламент депутаттарының мәртебесін көтеру және олардың ел өмірінің саяси, әлеуметтік және экономикалық салаларындағы ролін арттыру үшін жасалды",- деді заң жобасын таныстырған С.Киселев.
Түзетулер арқылы бастамашылар заңға үш түрлі толықтыру енгізуді ұсынады. Атап айтсақ, палатаның жалпы отырысында депутатттық сауалды толық немесе қысқартылған түрде оқып-таныстыруды шешу құқығын депутаттың өзіне беру ұсынылып отыр.
Сонымен бірге депутаттық сауалға жауап берген лауазым иесінің жауабы автордың көңілінен шықпаған жағдайда, сол лауазым иесін жалпы отырысқа шақыру құқығын заңдастыратын норма енгізу ұсынылған. Лауазым иесін жалпы отырысқа шақыру үшін депутаттардың басым бөлігінің дауысын жинау керек. Осындай жағдайда лауазым иесі жалпы отырысқа міндетті түрде келуге тиіс.
Сонымен бірге заң жобасын жасаушылар арнаулы түзету енгізу арқылы депутаттардың ұсынысымен жасалған заң жобасына үкімет тарапынан кері қорытынды берілген жағдайда, үкімет басшысына немесе оның міндетін атқарушы адамға мәжілістің жалпы отырысында оның себептерін нақты түсіндіруді міндеттемек.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті