Мәжіліс қаржы полициясы органдары туралы заңға енгізілетін түзетулерді мақұлдады

Бұл құжат қаржы полициясы органдары туралы заңды "Қылмыстық процессуалдық Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға сәйкестендіру мақсатында жобалаған,- деді заң жобасы таныстырған ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев. Оның айтуынша, 2004-жылдың 31-желтоқсанында қабылданған Қылмыстық процессуалдық Кодекске енгізілген түзетулер қаржы полициясына сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды тектеп-тексеруге құзырет береді.

Сонымен бірге "Қаржы полициясы органдары туралы" заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттігінің тікелей Елбасына бағыныштылығы туралы ережені заңдастырады.
Агенттік төрағасының айтуынша, депутаттар тарапынан қаржы полициясы органдарының қызметкерлеріне ішкі істер органдарына қарасты дәрігерлік мекемелерде ем қабылдау мүмкіндігін беру туралы ұсыныс түскен. "Үкіметтің есебіне жүгінсек, аталмыш түзетуді қабылдауға байланысты 200 млн. теңге көлемінде қосымша қаржы талап етілмек. Сол себепті бұл түзету алынып тасталды",- деді ол. Алайда "үкімет Қаржы полициясы академиясының тыдаушыларын ішкі істер органдарына қарасты дәрігерлік мекемелерде ем қабылдау мүмкіндігімен қамтамасыз етуге 2006-жылдың 1-қаңтарынан бастап 8 млн. теңге бөлуге болады деген пікірде",- деді С.Қалмырзаев.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.