Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы Орынбор мұнай өңдеу зауытының негізінде Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімді бекітуді мақұлдады

"Келісімнің мақсаты газ өндіру саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мен Қазақстан Республикасының Қарашығанақ кеніші мен РФ Орынбор облысындағы газ кеніштеріндегі көмірсутегі шикізатын өңдеу саласында өзара тиімділік жағдайларын жасауға саяды", -делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Келісімнің 1-бабына сәйкес, Қазақстан мен Ресей үкіметтері "ҚазМұнайГаз"ҰК"АҚ мен "Газпром" ААҚ-ына тең қаржымен Ресей Федерациясының біртұтас газбен қамтамасыз ету жүйесінің құрамды бөлігі болып табылатын Орынбор мұнай өңдеу зауытының негізінде шаруашылық қоғамын құруға септігін тигізеді.

"Келісімнің 2-ші бабына сәйкес, бірлескен кәсіпорын Қарашығанақ кенішінде өндірілген шикі газды жыл сайын 15 млрд текше метрден кем емес көлемде аталған келісімнің шарттарына сәйкес сатып алу және өңдеуді, өңделген газды Қазақстан аумағында сату мен оны "Газпром" ААҚ-ның біртұтас экспорттық арнасы арқылы шетелдерге шығаруды қарастыратын коммерциялық ұзақ мерзімді (15 жылдан кем емес) келісім-шарттың негізінде құрылады", -делінген қорытындыда.

6-шы бапқа сәйкес, "уәкілетті ұйымдар Бірлескен кәсіпорында өңделген Қарашығанақ кенішінен алынған газды Қазақстан нарығына паритетті негізде, соның ішінде тараптардың заңнамасына сәйкес өзара тиімді шарттармен қарама-қарсы сату шарттары мен тәртіптерін айқындайды".

"Мұндай қарама-қарсы бағыттағы сауда-саттықтар тең көлемде және бірдей бағаға сатылады. Бұл ретте қарама-қарсы бағыттағы саудадағы, соның ішінде сату және сатып алу жөніндегі келісім-шартқа сәйкес газ бағалары салық салу және кедендік құнын айқындау мақсатымен түзетуге жатпайды", - делінген қорытындыда.

Келісімге 2006 жылдың 3 қазанында Оралда қол қойылған.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.