Мәжіліс "ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының "Прокуратура органдарында қызметтен өту ережелерін бекіту туралы, ҚР прокуратура қызметкерлерінің класс шендері мен әскери атақтары туралы" қаулысының күші жойылды деп тану туралы" заң жобасын мақұлдады

"Қазіргі уақытта прокуратура органдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің төралқасының 1992 жылдың 6 шілдесіндегі қаулысымен бекітілген "Прокуратура органдарында қызметтен өту ережелерін бекіту туралы, ҚР прокуратура қызметкерлерінің класс шендері мен әскери атақтары туралы" ережелерді басшылыққа алады",- делінген мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің қорытындысында.

"Бұл қаулы 1992 жылдың 17 қаңтарындағы "Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы" заңына сәйкес қабылданып, 1995 жылдың 21 желтоқсанындағы "Прокуратура туралы" заңымен күшін жойды деп танылған", -делінген құжатта.

Бұл ретте, "1995 жылдың 21 желтоқсанындағы "Прокуратура туралы" заңының 48-бабына сәйкес прокуратура органдарында қызметтен өту ережелерін президент бекітуге тиіс".

"Нормативтік-құқықтық актілер туралы" заңының 27-бабына сәйкес, жоғары деңгейдегі нормативтік-құқықтық акт күшін жойды деп танығанда оны жүзеге асыруға бағыттаолған төменгі деңгейлі нормативтік-құқықтық акт де күшін жойды деп тану қажет", - делінген қорытындыда.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.