Мәжіліс шетелдіктердің құрылыс саласына қатысуын шектейтін кедергілерді алып тастау туралы заңға түзетулер енгізді

"Заң жобасымен құрылыс қызметіндегі бірлескен кәсіпорындардың жарғылық капиталына шетелдік қатысушылардың үлесін 49 процентпен шектейтін нормалар алып тасталынады. Сол арқылы шетелдік жеке және заңды тұлғалардың мемлекетіміздің аумағында сәулет, құрылыс қызметін жүзеге асыруына жасалатын кедергілер жойылады",- делінген мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму жөніндегі комитетінің қорытындысында.

"Осыған байланысты отандық кәсіпкерлердің шетелдік құрылыс компанияларымен ынтымақтастығы артып, бәсекелестігі үшін мүмкіндіктер кеңейе түседі. Құрылыс индустриясының қажеттілігін неғұрлым толығырақ қанағаттандыруға да жағдай жасалатын болады. Сол секілді халықаралық талаптардың орындалуы назарға алынады. Әрине, талаптардың сақталуы республикамыздың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үшін қажет", делінген қорытындыда.

Мәжіліс мақұлдаған құжат сенаторлардың талқысына жіберілді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті