Мәжіліс "SOS KINDERDORF INTERNATIONAL" халықаралық қоғамымен арадағы келісім-шартты бекітуді мақұлдады. Онда еліміздегі балалар деревняларын салықтан босату қарастырылған

Бұл заң жобасында ата-ананың аялы алақанынан ада жетімдердің тұруы үшін Қазақстанда отбасылық үлгідегі балалар деревнясын құрудағы халықаралық қарым-қатынастарды реттеудің кейбір аспектілері қарастырылумен бірге ол осындай сәбилерге қайырымдылық және құқықтық көмек көрсетуді мұрат тұтады.

Заң жобасында ҚР бюджетіне міндетті төлемдер мен басқа да барлық түрлі салықтардан босатылған SOS- жобаларды салуға қажетті рұқсаттар алу жолдары ескерілген.
Келісім бойынша, Қазақстандағы SOS-балалар деревнялары, олардың активтері, кірістері мен басқа да меншіктері еліміз заңдарында қарастырылған барлық түрлі салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден, соның ішінде жеке кіріс салығынан да босатылады.
Қазіргі жағдаймен Қазақстанда "SOS KINDERDORF INTERNATIONAL" халықаралық қоғамының мұрындық болуымен Алматы, Астана және Теміртауда осындай деревнялар құрылған, ондағы отбасы үлгісіндегі 35 үйде 204 бала тәрбиеленуде.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.