Мәжіліс "Тауар биржалары туралы" заң жобасына қатысты жұмыстарды жалғастырды

"Біз бұл заңды жұмыс істеген жағдайда ғана қабылдауға тиіспіз", - деп мәлімдеді бүгін мәжілістің аталған заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Сатыбалды Ибрагимов.

Ол заң жобасын парламент көптен бері қарап жатқанын еске салды. Қазір заң жобасына депутаттардың ұсыныстарына және биржа саласы өкілдерінің нұсқауларына сәйкес бірқатар өзгерістер енгізілген.

Өз кезегінде, өзгертілген заң жобасын депутаттарға таныстырған индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбековтың айтуынша, "жаңа редакция тауар биржаларын дамыту жөніндегі жаңаша көзқарастармен толықтырылған".

"Заң жобасына сәйкес, қазіргі заманғы Қазақстанның тауар биржалары ашық сауда-саттық, тауар және шикізат ресурстарының нарығын реттеу және біріздендіру арқылы сұраныс пен ұсынысты теңдестіру функциясын атқаруға тиіс", - деді ол.

"Тауар биржалары еркін баға түзілу тетігіне айналуға тиіс ерекше экономикалық индикатор ролін атқарады", - деді вице-министр.

Е. Мамытбековтың түсіндіруінше, заң жобасы бойынша тауар биржалары "коммерциялық ұйым мәртебесі бар акционерлік қоғам түріндегі заңды тұлға" ретінде айқындалған, ал қазіргі тауар биржалары коммерциялық ұйым болып табылмайды.

"Заң жобасы қабылданған жағдайда бастапқы кезеңде қазіргі бар қоғам жарғылық капиталының ең төменгі белгіленген деңгейіне дейін капиталын жеткізе алмайтын ең әлсіз тауар биржалары жойылмақ. Ол "Акционерлік қоғамдар туралы" заңға сәйкес 50 мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болмауға тиіс", - деді ол.

Сондай-ақ, "тауар-шикізат ресурстарын демпингтік бағаға экспортқа шығарудың алдын алу үшін және инфляцияны тежеу үшін үкімет тарапынан биржалық тауарлардың тізімі мен тауар биржалары арқылы сатылатын партиялардың ең төменгі мөлшерін бекіту көзделген". "Биржалық тауарлардың тізімі мемлекеттің экономикалық мүддесіне сай уәкілетті орган тарапынан жүргізілетін нақты тауардың экспорттық және импорттық бағасының және ішкі нарықта сатылу бағасының талдауының негізінде қалыптасады".

Сонымен бірге, "заң жобасына сай биржа, брокерлер мен дилердердің іс-қызметіне лицензия беру жоспарланған".

"Тауар биржалары жұмысының дамуындағы оңды сәт - баға түзілу, кәсіпкерді баға тәуекелінін сақтандыру құралы ретінде біртіндеп фьючерстік нарыққа көшу екенін ескере отырып, заң жобасында тауар биржаларында фьючерстік келісім-шарттарының айналысқа түсуіне құқықтық негіз қаланған", -деді Е. Мамытбеков.

Заң жобасы қабылданған жағдайда "тауар биржаларының қарқынды дамуына жағдайлар жасалып, стратегиялық маңызы бар тауарлардың сауда-саттығы мен әлеуметтік маңызды тауарлардың сауда-саттығы реттеліп, азық-түлік тауарларының бағасы тұрақтанады".