«Жаңа жоба батыс стандарттарына негізделді делінген болатын.
Бірақ, дәл қай елдің стандарты екенін білмеймін. Ол қай жерде табысқа жеткен стандарт екен? Бұған ешқандай сілтеме жасалмаған», - деді ол сейсенбі күні мәжілістің мәдени-әлеуметтік даму жөніндегі комитеті отырысында.
Д.Назарбаеваның ойынша, жобада 6 жасар балалардың психологиялық, физиологиялық ерекшеліктері ескерілмеген.
Маңызды мәселенің бірі бастауыш мектеп жүктемесінің тым ауырлығы, дейді депутат.
«Қазірдің өзінде оқу жүктемесі өте ауыр. Сіздер енгізіп отырған жаңа стандарттар бойынша оқу бағдарламасының жүктемесі еселене түспек. Басқаша айтқанда, мен сіздің ведомствоның логикасын түсіне алмай отырмын. Ұстанымдарыңызды жан-жақты түсіндірсеңіздер екен», - деді Д.Назарбаева Білім және ғылым министрлігі өкілдеріне.
Сонымен қатар, қалалар мен ауылдарда мектептерді дамыту және материалдық жағынан қамтамасыз ету деңгейі әркелкі. Ал, енгізілетін стандарттар олардың бәрін материалдық-техникалық жағынан тең дәрежеде жабдықтауды талап етеді, деді ол.
«Әрине, ерекше айтылатын мәселенің бірі – мұғалімдерді жаңа жүйе бойынша даярлау. Оған қаншама уақыт қажет? Ал, сіздер ол стандарттарды 2015 жылдан бастап енгізгелі отырсыздар! Мен түсінбеймін, бұған қалай үлгермексіздер? Оқулық жоқ, типтік бағдарламалар да жоқ, мектептерді материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау – оңай дүние емес, мұғалімдердің біліктілік деңгейі де қиын мәселе. Менің ойымша, асығудың қажеті жоқ», - деді Д.Назарбаева.
Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында жобаның пысықталатынын және 2015 жылы енгізілмеуі мүмкін екенін жеткізді.