Заң жобасын палатаның отырысына таныстырған ҚР көлік және коммуникация министрінің орынбасары Ерлан Қошановтың түсініктемесіне жүгінсек, "ұлттық заңнаманы Халықаралық азаматтық авиация қауымдастығының талаптарына сәйкестендіру қажеттігіне" байланысты заңға түзетулер енгізіліп отыр.
Атап айтсақ, заңның "жолаушылар құқығы" жөніндегі 13-бабына "тасымалдау барысында балаларды жеке орындармен қамтамасыз етпей, оқыс оқиғалар туындаған жағдайда қауіп төндіруге жол бермеуге бағытталған" өзгерістер енгізілді. Сонымен бірге жекелеген жолаушылар категориясы мен балаларды тасымалдау жолақысына жеңілдіктер көрсету қарастырылған. Ұзаққа созылған пікірталастар нәтижесінде депутаттар ішкі рейстерде 2-15 жас аралығындағы балалардың жолақысына 50 проценттік жеңілдікті сақтап қалуға шешім қабылдады.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.