Мәжіліс Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заңнамаларға енгізілетін түзетулерді мақұлдады

Палата отырысында заң жобасы туралы түсініктеме берген ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, бұл заң жобасында 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерге берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 15 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру қарастырылған.

Мәселен, бірінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 3 айлық есептік көрсеткішке, екінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2,5 айлық есептік көрсеткішке, үшінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2 айлық есептік көрсеткішке артады. Мүгедек балаларға арналған жәрдемақы көлемі 3 айлық есептік көрсеткішке, асыраушысынан айрылуға байланысты төленетін жәрдемақы мөлшері 0,5-1 айлық есептік көрсеткішке арттыру көзделген. Г.Қарағұсованың айтуынша, бұл мақсатқа 2005-жылғы республикалық бюджетте 15,9 млрд. теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, заң жобасында тыл еңбеккерлеріне ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындау көзделген. Бұл мақсатқа келесі жылғы бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінеді.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.