Бюджетті бекіту Үкімет үшін үлкен сынақ. Сондықтан мемлекеттік маңызды құжатты қорғауға және депутаттардан қолдау сұрап, көп көріне бермейтін премьер Кәрім Мәсімовтің өзі келді. Қасында қос орынбасары мен бүкіл министр бар. Өйткені, үш жылдық бюджеттің ауқымы аз емес. Келесі жылдың өзіне қазынадан 347 млрд.теңге бөлінбек. Енді шенеуніктер осы ақшаның қалай игерілетінін тәпіштеп түсіндіріп беруі тиіс. Айтуларынша, қаржы көбіне әлеуметтік салаға жұмсалмақшы.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Келесі жылдың 1-ші шілдесінен бастап мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға жәрдемақылар 25 пайызға ұлғайту үшін 23 млрд.теңге, 2016 жылы 1-ші қаңтардан бастап степендияларды 25 пайызға арттыруға 23 млрд.теңге және күштік құрылымдардағы қызметкерлердің зейнетақысын реформалау үшін 30 млрд.теңге бөлінеді.
Ал, жалпы, зейнетақының көлемі 2017 жылы көбейеді деп уәде берді шенеуніктер. Сондай-ақ, Үкімет инфляцияны да қатаң қадағалауға алмақ. Ұлттық банк төрағасы: әлемдік қаржылық қиындыққа қарамастан теңге бағамын тұрақты ұстап тұруға тырысамыз деп отыр.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлтық банк төрағасы:
-Инфляцияға келсек, қазіргі 6-8 пайыздық диапазонды алдағы уақытта 5-7 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін Ұлттық банктің қаржылық қоры жеткілікті.
Ал, келер жылдың еншісіне деп Ұлттық қордан қосымша бөлінген 3 млрд.теңге төрт бағыт бойынша жұмсалмақ. Бұл қаржы ең алдымен апатты жағдайда тұрған мектептерді жаңартуға, балабақшалар салуға, Алматы мен Астанадағы әуежайды жөндеуге бағытталады. Сонымен қатар, азаматтарды тұрғынүймен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді, - дейді депутаттар.
Гүлжан Қарағұсова, Мәжіліс депутаты:
-Жалға берілетін үйлерді үлестіргенде мемлекет пен кезекке тұрған адамдардың арасында делдалдар мүлдем болмайды. Яғни, жаңадан салынған пәтерлердің сатылуына бұрынғыдай банк немесе өзге де бизнес-мекемелер араласпайды. Үй алуға ниетті азамат кезекке тұрады да, тіке әкімдік арқылы баспаналы болады. Сондықтан пәтердің бағасы да әлдеқайда арзандайды.
Мәсімов Мәжіліске күнде келе бермейтіндіктен депутаттар біраздан бері толғандырып жүрген өзге де мәселелерді қозғады. Тіпті халық қалаулылары Үкімет басшысына бас басына би болған, кеудесініне нан піскен шенеуніктерге өкпелі екендерін айтып, шағымданды.
Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:
-Кішігірім бастықсымақтар жұртқа мұрын шүйіре қарайды. Өзім де талай куә болып жүрмін. Мемлекеттік органдардың тұрғындар алдындағы абыройының тым төмен болуы да сондықтан.
Премьер-министр «бетімен кеткендерді сабасына түсіремін» деп бірден уәде бермеді. Сын-ескертулерді сыр бермей қабылдаған Мәсімов жымияға ғана жауап қатты.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
-Үкімет пен Парламент қоян-қолтық жұмыс істедік. Алдағы уақытта да қоян-қолтық жұмыс істейміз. Бүгін бірқатар ұсыныстар болды.Рахмет, сау болыңыздар.
-Бірақ, депутаттардың шенеуніктердің жүріс-тұрысы мен адамдарға деген қатынасына қатысты Үкімет басшысының шара қолданған, не қолданбағанын сұрап-білуге әлі мүмкіндіктері бар. Кәрім Мәсімов егер, мұнай бағасы қазіргіден де құлдырап кетсе, алдарыңызға бюджетті қайта алып келіп, жаңадан талқылауымыз, талай рет түзету енгізуіміз де ғажап емес деп отыр.