ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Абай Тасболатовтың түсініктемесіне сәйкес, "келісім - Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісімнің логикалық жалғасы болып табылады". Вице-министрдің айтуынша, құжатты бекіту "Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күш-құралдарды бірлесе пайдалануға ауқымды мүмкіндіктер ашады".
Келісім әскери инфрақұрылым нысандарын бірлесе пайдалану бойынша тараптардың құқығы мен міндеттерін айқындайды. Құжатқа сәйкес, тараптар бір-біріне құру және дамытуға бағытталған жоспарлар мен қолда бар әскери инфрақұрылым нысандары туралы тактикалық-техникалық мәліметтер берумен бірге бірлесе пайдалануға бөлінген әскери инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтер алмасады. Келісім нормаларына сәйкес тараптар әскери инфрақұрылым нысандарын бірлесе пайдалану мақсатымен ұдайы дайындық жағдайында ұстауға міндетті. Мұндай нысандарды салу, ұстап тұру және дамыту шараларын тараптар дербес немесе қаржылық шығындарды үлеспен бөлісу арқылы жүзеге асырады.
Келісісге 2004-жылдың 18-маусымында Астанада қол қойылған. Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.