Мәжіліс Жер кодексіне енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады

ҚР жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің төрағасы Бақыт Оспановтың палата отырысында хабарлауынша, заң жобасын жасаушылар жеке баспана салуға арналған жерді сату үшін тендерлер өткізуді ұсынуда. Оның түсініктемесіне жүгінсек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке баспана салуға арналған жер учаскелері тегін беріледі.

Ал агенттік төрағасының пайымдауынша, жоғары сұранысқа ие және коммерциялық қызығушылық тудыратын жер телімдерін саудаға салған жөн. Дегенмен, бұл норма заңдағы жер телімдерін тегін беру туралы қолданыстағы ережесін қуатысыз етуге тиіс емес. "Аталмыш норма сақталып қалады",- деп сендірді ол. Агенттік басшысының пікірінше, мұндай жағдайда жергілікті атқарушы мекемелер аумақ жағдайларын ескере отырып, бұл мәселенің шешімін түрлі бағытта саралауы қажет.
Заң жобасымен жұмыстар барысында ауылшаруашылық жер телімдерін субарендаға беруді жою мерзімін кейіндете тұру ұсынылды. Мәселен, кейбір депутаттар келісім-шартын бұзу мерзімін 2006-жылдың 1-қаңтарына дейін созуды ұсынса, енді бір тобы 2005-жылдың 1-шілдесіне дейін созуды ұсынған.
Алайда бұл түзетулерді заң жобасын жасаушылар мен аталмыш заң жобасы бойынша бас мекеме болып табылатын ауылшаруашылығы комитеті қолдаған жоқ. Ауылшаруашылық комитетінің қорытындысы бойынша, "жер ресурстары жөніндегі агенттігі 2005-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен жер учаскелерін субарендаға алу және шартты жер үлестерін жалға беру бойынша келісім-шарттарын бұзу жұмысын аяқтап шықты". "осыған байланысты субаренда мерзімін ұзарту қажеттігі жоқ",- дейді комитеттегілер.
Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін мәжілістің салалық комитетіне берілді.